Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ұлы тұлғаларды қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қабылдау қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айтуынша, соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр.
"Өкінішке қарай, соңғы уақыттарда Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады. Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды "туфли жалағыш", Шәмшіні "арақкеш" деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп жанымыздан түңілдік. Ұлттың арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді", - деді Жанарбек Әшімжанов.
Депутат тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшетінін баса айтты.
"Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты "жазалау" шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ", - деп жалғастырды депутат.
Мәжілісмен Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деген пікірде.
"Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз", - деді халық қалаулысы.