"Қазгидромет" РМК ел аумағында 6 маусымда болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан территориясының басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктер өтуіне байланысты, тұрақсыз ауа райы сақталады. Найзағай ойнап, өткінші жаңбыр, күндіз батыста, солтүстікте бұршақ жауады.
"Еліміздің солтүстігінде, шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Тек еліміздің оңтүстік-батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша желдің күшейіп, күндіз батыста шаңды дауыл соғады", - делінген хабарламада.
Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады.
Түркістан облысының шөлді аудандарында, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының батысында, оңтүстігінде төтенше өрт қауіпі күтіледі.