2026 жылғы 20 шілдеде Қазақстан аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде 55 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өрт ошақтарының барлығы бірнеше өңірде өткен найзағайлы фронт салдарынан, яғни найзағай разрядтарының әсерінен пайда болған.
Өңірлер бойынша ең көп өрт "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында тіркелді – 41 жағдай. "Ертіс орманы" МОТР аумағында 9 орман өрті анықталса, Шығыс Қазақстан облысында 3 өрт тіркелді. Сонымен қатар "Наурызым" мемлекеттік табиғи қорығы мен "Баянауыл" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір-бірден өрт ошағы болған.
Мамандардың айтуынша, қысқа уақыт ішінде көптеген өрт ошақтарының пайда болуы орман күзеті қызметкерлеріне үлкен сынақ болды. Дегенмен олардың жедел әрекеті мен үйлесімді жұмысының арқасында барлық өрт дер кезінде анықталып, оқшауланып, сөндірілді немесе толық бақылауға алынды.
Өртті жою жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғау күштері жұмылдырылды. Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде жалынның таралуына және ірі орман өрттерінің шығуына жол берілмеді.
Орман күзеті қызметтері өрт қауіпті кезеңде мемлекеттік орман қорын қорғау мақсатында тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, табиғи аумақтарға тұрақты бақылау жасауды жалғастыруда.