Нақты егіншіліктің өнімділігі артып келеді. Бұл туралы Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев abctv.kz-ке сұхбатында айтты.
Орталық басшысы нақты егіншілік пен дәстүрлі егіншілікті салыстырып қарайды.
"Орталықтағы жаздық бидайдың өнімділігі гектарына 22,5 центнерден айналды. Нақты егіншілік технологиялары қолданылған алқаптардың орташа өнімділігі гектарына 25,9 центнерді құрады. Ал дәстүрлі егіншілік технологиялары пайдаланылған алқаптардың әр гектарынан орташа есеппен 18,7 центнер өнім жиналды. Айырмашылық жер мен көктей", – дейді ол.
Айта кетсек, А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы – Қазақстандағы егін және өсімдік шаруашылығы саласындағы ірі ғылыми орталық. Орталық өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті сорттарды әзірлеу, ресурс үнемдейтін технологияларды жасап шығару және енгізу, ғылыми-білім беру сынды қызметтерді ұсынады.
Былтыр орталық 11 құжатқа қол жеткізіпті, оның 9-ы – селекциялық жетістіктер. Жарма дақылдарының 3 сорты бойынша және тары мен қарақұмық сорттарына патент алған.
Орталық ғалымдары жаздық бидайдың өнімділігін 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 есе арттырдық дейді.