Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан үшін Орталық Азиядағы инвестициялық белсенділікті арттыру маңызды стратегиялық мәселе екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенатта Мәжіліс қабылдаған "Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" заң қаралды.
Сенат спикерінің сөзінше, бұл өте маңызды келісім.
"Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас мемлекеттер. Сондықтан арамыздағы экономикалық, сауда, инвестициялық қарым-қатынастарды одан әрі дамыта беру – мемлекеттер басшыларының тікелей тапсырмасы. Оны орындау аясында маңызды келісімдерді қабылдап жатырмыз. Қазақстан үшін Орталық Азиядағы инвестициялық белсенділікті арттыру беру маңызды стратегиялық мәселе. Соған байланысты тиісті мемлекеттік органдар тарапынан нақты саясат болса дейміз. Нақты мақсаттар қойылып, соған жетуге жұмыс жүргізілсе, бұл өте тиімді болар еді деп есептейміз", - деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінгі күні құқықтық негіз қалыптасып жатыр, деп атап өтті ол.
"Келісімдер бар, бірақ біздің бизнес Орта Азияда өте белсенді деп айтқан қазір кішкене артықтау шығар. Бізге осы бағыттарда нақты саясат керек деп есептейміз. Сонымен қатар біз Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің компанияларына бізде де жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек. Компаниялар жұмыс істеп жатса, оларға мүмкіндіктер ашылып жатса, бұл мемлекеттер арасындағы инвестициялық, экономикалық сауда-саттықты жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Орталық Азиямен біз экономикалық тұрғыдан тығызырақ әрі интенсивті түрде жұмыс істеуіміз керек", - деді Сенат төрағасы.