Париждегі аукционда Бонапарттың тарихи жәдігері 4,7 миллион еуроға бағаланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Француз императоры Наполеонның қылышының сатылғанын Hotel Drouot аукцион сайтына сілтеме жасап Le Figaro хабарлап отыр.
Қару алғашында 700 000 еуродан 1 миллион еуроға дейін бағаланған. Бәссаудада сатылған қылышқа "Наполеон дәуірінің ең қымбат артефактілерінің бірі" деген ерекшелік қоса берілген.
– Бұл сома 2007 жылы 4,8 миллион еуроға сатылған Маренго шайқасындағы семсер рекордына жақын, – деп жазылған хабарламада.
Аукцион саудасын қыздыра түскен қылыш Наполеонның жеке қаруы еді. Бонапарт 1802-1803 жылдары Версаль мануфактурасының директоры Николя-Ноэль Бутеге қаруға тапсырыс берген.
Наполеон I император болғаннан соң да билігінің соңына дейін қаруланып жүрді. Содан кейін ғана қылышты маршал Эммануэль де Гручиге сыйға тартты. Қаруды осыған дейін қолбасшының ұрпақтары сақтаған.
2021 жылы Бонапарттың парадтық қылышы мен 5 тапаншасы 2,87 миллион долларға сатылған-ды. Наполеонның бұл қаруларды 1799 жылғы мемлекеттік төңкеріс кезінде қолданғаны белгілі.