Енді наркологиялық және психо-неврологиялық анықтамалар тек электронды нұсқада беріледі. Бұл туралы үкімет сағатында денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлімдеді, деп хабарлайды Atameken Business.
Еске салсақ, аталған құжат жұмысқа орналасу, жүргізуші куәлігін және өзге де лицензиялар алу үшін талап етіледі. Ол тек медициналық ұйымдарда кезекпен беріледі. Сондықтан, қазір аталған қызметтерді электронды нұсқаға көшіру жоспарланып отыр.
Министр орынбасарының айтуынша, осы жылдың ортасында психо, нарко және туберкулезге қатысты қызметтерді жеңілдету үшін тиісті қаулыларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
"Енді Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығының жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтуін күтіп отырмыз. Сонымен қатар, бүгінде техникалық мәселелердің барлығы шешілуде. Әділет министрлігінен тіркеуден өткеннен кейін, сол қызмет автоматты түрде қағаз нұсқадан электрондық жүйеге толығымен ауыстырылады. Яғни "Электронды үкімет" порталында қолжетімді болады", - дейді Олжас Әбішев.