Жас өнерпаз Нартай Бекежановтың мұрасын жалғастырушы Ізбасхан Дәулетханнан тәлім алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Танымал тұлғаның шөбересі Айбек Еркіналиев бала жастан өлең-жырға құмар болған. Айтуынша, өнер әлеміне қадам басуына нағашы әжесі себеп болыпты.
– Туып-өскен жерім – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылы. Жас кезімнен ән-жырға құмарлығым ауып, ақын-жыраулардың сөздерін жаттап өстім. Және де өнерге бірден-бір келуіме себеп болған Нартай Бекежановтың қарындасы, нағашы әжем Орынкүл болатын. Мен – Нартай атамыздың 65-ші шөбересімін. Әжем бала кезімде Нартай атамыздың көптеген жырын жатқа айтып беріп отыратын. Сондықтан болар, жырға құмарлығым артып 8 жасымда "Өнер мектебінің" "Дәстүрлі ән" сыныбына қабылдандым. Қазіргі уақытта осы "Өнер мектебінің" 4-сыныбында оқимын. Ізбасхан ағайым өнер-білімге қатар баулып жатыр. Алға қойған мақсаттарым көп. Үлкен жыршы, жырау атанып, қазақ өнерін шетелдік үлкен сахналарда көрсетсем, дәріптесем деймін, – дейді ол.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы "Өнер мектебінің" "Дәстүрлі ән-жыр" сыныбының мұғалімі Ізбасхан Дәулетхан "шәкіртімнің шығар шыңы көп" деп есептейді.
– Айбек "Өнер мектебіне" 8 жасында келген болатын. Қанында бар болғандықтан шығар, өнерге деген құштарлығы өте жоғары. Жасынан қатарластарынан өте зерек, алғыр болды. Бүгінде Нартай, Тұрмағанбет, Жиенбай, Бұдабай, Майлықожа, Есенбек сынды көптеген жыршы-жыраудың термелерінің басым көпшілігін жатқа біледі. Қазірде ауқымды қиссаларды жаттап, үлкен дастандарға түсуді бастап келеді.
Бұйырса, болашағынан көп үміт күттіретін шәкірттеріміздің бірі. Өнер жолында толағай табыс, шығармашылық шабыт тілейміз, – дейді ұстазы.
Бірнеше жыл бұрын "Қызылордалық 10 жастағы қыз оннан аса жырды жатқа біледі" деген тақырыпта мақала жариялаған едік.