Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде елде жанар-жағармайды тұтыну мөлшері төмендегенімен, мұнайды қайта өңдеуге арналған жоспарлы көрсеткіштер өзгермей, бұрынғысынша 17 млн тонна деңгейде қалғанын айтты.
"Бүгінгі таңда отандық мұнай зауыттарын жаңғырту нәтижесінде, ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, өз елімізде өндірілген бензин, дизель отыны, авиакеросин және мазутпен нарықтың қамтамасыз етілуі 100%-ға жетті. 2019 жылы шілде айында тыйым салу алынғаннан кейін, Еуропа және Орталық Азия елдеріне бензин экспорты басталды. 2019 жылы бензин экспортының көлемі 181 мың тоннаны құрады", – деп айтып өтті министр.
Мұнай өнімдерінің қоймаларға толып кетпеуі үшін министрлік мүдделі органдармен бірлесіп бірқатар шара қабылдаған.
"Мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен ел аумағынан тыс жерлерге әкетуге және кеден одағы елдерінің шегінен тыс жерлерге шығаруға салынған тыйым алынып тасталды. Экспортқа өткізілетін бензин мен дизель отыны бойынша акцизделетін тауар өндірушілер акциз төлеуден босатылды. Ресейден бензин мен дизель отынын теміржолмен жеткізуге тыйым салынды. Бензин, дизель және мазутқа кедендік әкету бажына мөлшерлеме жойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, көктемгі егіс науқанына литрін 165 теңгеден арзандатылған бағамен 386 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазір министрлікке қосымша 60 мың тонна дизель отынын бөлу туралы ұсыныс келіп түсті. Біз оны қарастырып жатырмыз", – деді Нұрлан Ноғаев.
Нұржан Көшкін