Президент автомашиналарды құрастыру процесімен танысып, 2020 жылғы 15 қазанда ашылады деп жоспарланып отырған ұсақторапты құрастыру әдісімен автомобильдер шығаруға арналған жаңа цехты аралап көрді, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына жобаның Алматы қаласының индустриялық аймағындағы мемлекеттік құрылымдардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндалды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты бірінші кезеңде жылына 30 мың, екінші кезеңде 45 мыңға дейін машина жасауға жетеді.
Инвестицияның жалпы көлемі – 28 миллиард теңгеден астам, оның 30% – компанияның өз қаражаты. Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны 700-ге жуық жұмыс орнын ашып, сабақтас салалардың дамуына серпін береді. Инвесторлар келешекте автобөлшектер шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша компания отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту жөніндегі көздеген мақсаттарына қол жеткізеді. Бұл отандық өндірістің 51 % астамын қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы нысанды аралап көргеннен кейін индустриялық аймақ резиденттерімен жеке кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпорынның басым салаларын дамыту мәселелерін талқылады.
"Мен өз Жолдауымда еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән бердім. Әсіресе, бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік органдар тарапынан келтірілетін кез келген кедергі елімізге қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралатынына арнайы тоқталдым. Яғни, басқаша айтқанда, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. Бұл – экономикалық саясатымыздағы негізгі бағыт", – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикасындағы ахуал пандемия салдарынан әлі де күрделі екенін және бұл дағдарыстан мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана шығуға болатынын атап өтті.
Бәсекелестікті қорғау үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылды.
"Нарықты монополистерден тазалау керек. Барлық лайықты кәсіпкерлердің біздің нарыққа еніп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Сонда ғана экономика еркін дами алады. Мұның бәрі жаңа ұйымдастыру шараларын қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл шаралардың бәрі тиімді болады деп үміттенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Президент экономикалық шаралармен қатар мемлекет тарапынан Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыру жөнінде де шаралар қабылданатынын айтты. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Ендігі міндет Қазақстанның дамуына тың серпін беру болып табылады.
"Партиялардың қызметіне, бейбіт жиындар мен шерулер өткізуге қатысты жаңа заңдар қабылданды. Жуырда ғана Қазақстанда өлім жазасынан бас тартуды қарастыратын екінші факультативті хаттамаға қосылу жөнінде шешім қабылданды. Кезінде Тұңғыш Президентіміз тарапынан өлім жазасына жарияланған мораторий күшінде болғандықтан, бұл шешім Конституцияға толық сай келеді және Атазаңға ешқандай өзгеріс енгізу қажет емес. Шын мәнінде, елімізде өлім жазасы жоқ. Тек Конституцияда қарастырылған екі ғана болмашы ерекшелік бар. Олар факультативті хаттаманың талабына толық сай келеді. Сондықтан екі бірдей міндет: еліміздің экономикасын жаңа жағдайда дамыту, Қазақстан үшін тиімді интеграциялық процестерді күшейту және саяси реформаларды жүзеге асыру. Бұл міндеттердің бәрі бір уақытта атқарылады және табысты болады деп үміттенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнес өкілдері Жолдауда айтылған шараларға оң баға беріп, кәсіпкерлікке қолдау көрсеткені үшін Президентке алғыс білдірді. Сонымен қатар олар тірі малды экспортқа шығаруға жарияланған мораторийді созу жөнінде Мемлекет басшысына өтініш жасады.