NASA төрт астронавты бар Orion ғарыш кемесін Space Launch System (SLS) зымыраны арқылы Айға ұшырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ғарыш кемесі Флорида штатындағы Джон Кеннеди атындағы ғарыш орталығы алаңынан, жергілікті уақыт 18:35-те ұшырылды.
Экипаж құрамында Рид Вайзман, Кристина Кох, Виктор Гловер және Джереми Хансен бар. Олардың міндеті Айды айналып өтіп, Жерге қайта оралу. Миссияның ұзақтығы шамамен 10 күн болады.
Белгілі болғандай, ұшырылымға 1,5 сағат қалғанда инженерлер қашықтықтан ұшуды тоқтату жүйесінде ақау анықтаған, бірақ оны тез арада ретке келтірді.
Айға соңғы рет адам 1972 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың "Аполлон-17" миссиясы аясында ұшырылды. 2019 жылдың көктемінде NASA Айға арналған Artemis ("Артемида") бағдарламасын жариялады, ол үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең, Artemis I, Orion ғарыш кемесі арқылы Айға қонбай айналып өтіп, Жерге оралу. Бұл 2022 жылы 16 қараша-11 желтоқсан аралығында іске асты. Екінші кезең, Artemis II, экипажбен Айды айналып өтуге бағытталған. Үшінші кезең, Artemis III, NASA астронавттарды Ай бетіне қондыруды жоспарлап отыр. АҚШ көлік министрі Шон Даффи 2025 жылы маусым айында айға қону алдағы 3,5 жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал бұған дейін NASA оны 2027 жылдың ортасына жоспарлаған еді.