Сенат зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Марракеш шарты 2013 жылғы 27 маусымда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дипломатиялық конференциясында қабылданған. Құжат көру қабілеті бұзылған адамдар үшін әдеби және көркем шығармаларға қол жеткізуді жеңілдетуге, сондай-ақ кедергілерді жоюға және олардың физикалық қабілеттеріне қарамастан барлық азаматтар үшін білім мен жарияланған шығармаларға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
"Бұл шарт зағиптар мен нашар көретін адамдар үшін қолжетімді форматтағы туындыларды көбейтуге, таратуға, жалпыға ортақ назарға жеткізуге және жариялауға мүмкіндік беру мақсатында авторлық құқықтарға қатысты шектеулер мен ерекшеліктердің стандартты жиынтығын көздейді және авторлық құқықтарға қатысты ұлттық заңнаманы Марракеш шартына сәйкес келтіруді қарастырады. Сонымен қатар, Марракеш шарты уәкілетті органдар желісі бойынша қолжетімді форматта туындылармен трансшекаралық алмасуды жүзеге асыруға, сондай-ақ зағиптар мен нашар көретін адамдарға арналған кітапханалар желісінің сақталуын және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы, көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ қоғамның мәдени, әлеуметтік өміріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге және осындай адамдар үшін қолжетімді форматтарда жасалған туындылармен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасайды", – деді сенатор Амангелді Толамисов.
Оның сөзінше, бұл ұзақ уақыт бойы кітаптар мен білімге қол жеткізу құқығы үшін күресіп келе жатқан баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі адамдарды қолдау бағытында өте маңызды халықаралық шарт.
Шарттың нормалары еліміздің Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға қатысты нормаларға қайшы келмейді.