Тәжікстандағы Турсунзаде қаласында ер адам 15 жастағы ұлын азаптап өлтірді деген күдікке ілінді. Ол баласын қалай азаптағанын видеоға түсірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Asia-Plus басылымына сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, 40 жастағы ер адам ұлын насыбай атқаны үшін сабаған. Келесі күні бала әкесінен 600 сомони ұрлап, ел астанасында тұратын әпкесінің үйіне қашып кеткен. Кейін осы жайт туралы ер адам да естіген.
Күдікті ұлын алып кетіп, қайтар жолда оның аяғын көлікке байлап, жерге сүйреген. Бала ақшаны жұмсағанын мойындаған, бірақ насыбай қолданбағанын айтқан. Ер адам баласын азаптағаннан кейін оны үйіндегі жертөлеге қамап қойған.
Болған жайт туралы баланың анасы мен жақындары білгенмен, ер адам оларға жақындауға тыйым салған.
Таңертең 15 жастағы баланың жағдайы нашарлайды. Әкесі қорыққаннан дәрігер шақырған. Медицина қызметкері баланың қайтыс болғанын растаған. Күдікті мен оның әйелі қылмысты жасырмақ болып, баланың денесін жуған. Одан соң оны өздерінің туған жеріне апарып жерлеуге тырысқан. Алайда жолда оларды милиция қызметкерлері тоқтатқан.
Күдіктіге қатысты Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 110-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта ер адам қамауда отыр.