Испания үкіметі АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Европейская правда" басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін Трамп Испанияны НАТО-дан шығарып тастауды ұсынғанын жазған едік. АҚШ президентіне Мадридтің қорғаныс саласына жеткілікті қаржы бөлмегені ұнамады.
Трамптың Испанияны НАТО-дан шығару туралы мәлімдемесіне қарамастан, ел үкіметі сабыр сақтап отыр. Бұл туралы EFE агенттігіне испан үкіметіндегі дереккөздер хабарлады. Ақ үй басшысының сөздеріне жауап ретінде үкімет өкілдері Испанияның қорғаныс саласы бойынша өз міндеттемелерін орындап жатқанын алға тартқан. Сонымен қатар бұл ел НАТО-ның толыққанды мүшесі әрі альянсқа адал екенін мәлімдеген.
Басылымның жазуынша, Испаниядағы оппозициялық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо Дональд Трамптың мәлімдемесінен кейін ел премьер-министрі Педро Санчесті сынға алған.
"Мәселе Испанияда емес. Испания – НАТО-ның сенімді әрі адал серіктесі. Біз солай болып қала береміз. Бар мәселе Санчесте", – деп жазды Альберто Нуньес Фейхоо Х желісінде.