Альянстың мәлімдемесіне сәйкес, жаттығулар "Еуропаның солтүстік-батысында" – Бельгия мен Ұлыбританияның әуе кеңістігінде, сондай-ақ Солтүстік теңізде өтеді. Оқу-жаттығуларға жауынгерлік қару қатыспайды.
Бельгиялық БАҚ жаттығу орталығы ретінде Лимбург провинциясындағы Клейн Брогель Бельгия әуе күштерінің базасы таңдалғанын айтады.
"Бұл НАТО-ның ядролық мүмкіндіктерін қауіпсіз әрі тиімді қолдануға арналған жыл сайынғы жоспарлы жаттығулары", оның Украина айналасындағы қазіргі дағдарыспен еш байланысы жоғын Альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг түсіндірді.
Бельгиялық RTBF телеарнасы жаттығуға қатысатын НАТО елдерінің әуе күштерінің бірде-бір ұшағы Ресей аумағына 1000 шақырымнан жақын келмейтінін нақтылады.
Дегенмен Бельгияның ядролық қаруға қарсы коалициясы биліктен халықаралық шиеленісті жағдайды ескере отырып, жаттығуларды тоқтатуды талап етті.
"Ресеймен ядролық саладағы шиеленістің ушыққан кезінде мұндай жаттығуларды өткізу жауапсыз", – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Антиядролық коалиция Бельгия аумағындағы мұндай жаттығулар елді ядролық жанжалдың нысанына айналдыруы мүмкін деп санайды. Оған қоса Брюссельде НАТО штаб-пәтері мен ЕО-ның негізгі институттары орналасқанын ескерсек, коалицияның наразылығын әбден түсінуге болады.
Осы маусымда Мадрид саммитінде жаңартылған НАТО-ның Стратегиялық тұжырымдамасында Альянс жетекшілері "әлемде ядролық қару толығымен жойылмағанша, НАТО ядролық одақ болып қала беретінін" растады.
Фото: Radoslaw Jozwiak