Оның сөзінше, аталған қолдау Еуропалық одақ тарапынан қарастырылған несиелік ресурстардан бөлек жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, НАТО елдері жы соңына дейін Украинаға шамамен 60 миллиард доллар көлемінде әскери көмек беруді көздеп отыр.
Рютте бұл көмектің Еуропалық одақ ұсынуы мүмкін 90 миллиард еуроға дейінгі қаржылай қолдаудан тыс берілетінін нақтылап өтті. Бас хатшының айтуынша, қазіргі жағдайда одақтас елдер қорғаныс шығындарын арттыруға және Украинаның әскери әлеуетін күшейтуге көбірек инвестиция салуы тиіс.
– Биыл Украина қауіпсіздігі мен қорғанысын қолдау үшін 60 миллиард долларлық межеге жету маңызды. Бұл үшін барлық одақтас күш біріктіруі керек, – деді ол.
НАТО басшылығы Украинаға берілетін көмектің нақты бағыттарын да айқындап отыр. Олар – әуе қорғанысы жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және алыс қашықтыққа ұшатын оқ-дәрілер.
Украинаға берілетін көмектің ұлғаюы тек әскери қажеттіліктен ғана емес, геосаяси жағдайдан да туындайды. Батыс елдері Киевті қолдау арқылы Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасын сақтап қалуды мақсат тұтады.