НАТО Украинадағы қақтығысқа қатыспайды, бұл елге өз әскерін жібермейді, өйткені Ресеймен арадағы соғыстан аулақ болғысы келеді. НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда осындай мәлімдеме жасады.
"Украинаны қолдаймыз, бірақ соғысқа тікелей қатыспаймыз. Біздің негізгі жауапкершілігіміз – НАТО елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан біз бұл соғыстың НАТО мен Ресей арасындағы қақтығысқа әкеліп соғуына жол бермеуіміз керек", – деді ол.
Өз сөзінде Столтенберг 2014 жылдан бері НАТО елдері украин әскерін дайындауға және жабдықтауға ондаған миллиард доллар жұмсағанын айтты. Ол альянстың сол кезден бастап өз қауіпсіздігін күшейте бастағанын және қазір НАТО-ның 40 мың әскериі Ресеймен арадағы шекарада орналастырылғанын атап өтті.
Табиғат Нұрболат