Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті дер кезінде алуы керек – Олжас Бектенов

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды.

Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті дер кезінде алуы керек – Олжас Бектенов Фото: mtrk.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу өте маңызды екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, дәрілік заттарды алудың түсінікті әрі ыңғайлы тәртібін қамтамасыз ету керек. Әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс.

"Сондай-ақ үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Бұл әсіресе, ұзақ уақыт немесе тұрақты емделуді қажет ететін балалардың ата-аналары үшін маңызды. Ақпараттың аз болуы мен әкімшілік рәсімдер ауыр науқастар үшін кедергіге айналмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осыны негізгі қағида ретінде басшылыққа алсын.

Бүгінде электрондық рецептілерді қолдану мен дәрілік заттардың берілуін цифрлық растау аясы айтарлықтай кеңейіп келеді. "Әлеуметтік әмиян" арқылы қамтамасыз ету үлесі 80%-дан асты. Бұл тетікті одан әрі жетілдіре түсу керек. Ол дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, емделушінің өзіне тиесілі дәріні нақты алуына да кепілдік береді.

Сондай-ақ дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу және сол арқылы емдеу ісінде үзілістерді болдырмау өте маңызды. Сатып алынған дәрілік заттар бола тұра, емделушілердің оларды уақтылы ала алмауы немесе өз қаражатына сатып алуы сияқты жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл бағытта цифрландыру қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. Таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға, қалған көлемді бақылауға, бұзушылықтар мен жекелеген өнімдердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік береді. Емделушілерді толықтай қамтып, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз еткен жөн. Науқас адам өзіне қажетті дәрі-дәрмекті міндетті түрде әрі дер кезінде алуы керек.  Бұл жұмыстың басты нәтижесі де – осында", – деді Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу