Науқас дәрігердің кесірінен мүгедек боп қалса, өтемақы талап ете алады

157

Дәрігердің қателігінен науқас мүгедек болып қалса, 3 145 600 теңгеге дейін өтемақы төленеді.  

Науқас дәрігердің кесірінен мүгедек боп қалса, өтемақы талап ете алады Фото: canva.com

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қазір бұрынғыдай дәрігерді қателігі үшін сотқа сүйреу азайтылды. Егер дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зиян келсе, жапа шеккен азамат өтемақы өндіруге құқылы.

Ол үшін пациент немесе оның туыстары ем алған медициналық ұйымның ішкі сараптама қызметіне шағымдана алады.

"ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы Кодексінің 270-2-бабына сәйкес, денсаулық сақтау субъектісі пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметінен пациенттің не оның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама комиссиясын құрады. ТСК қызметінің тәртібі және зиян келтіру фактісін анықтауға қойылатын минималды талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 40 бұйрығымен реттеледі", - делінген комитет жауабында.

Жапа шеккен пациентке берілетін өтемақы мөлшері оның денсаулық жағдайына байланысты. Оны тәуелсіз сараптамалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына пациенттің денсаулығына зиян тигізген мекеменің мамандары кіре алмайды.

Пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келіп, мүгедектік белгіленсе:

  • Үшінші топ мүгедектігіне – 500 АЕК
  • Екінші топ мүгедектігіне – 600 АЕК
  • Бірінші топ мүгедектігіне – 800 АЕК
  • Мүгедектігі бар бала – 500 АЕК
  • Пациенттің өліміне алып келген зиян үшін – 3 000 АЕК

Ал мүгедектік белгіленбеген, бірақ денсаулығына зиян келтірілген жағдайда науқастың емге кеткен барлық шығыны есептеліп, қайтарылады. Бірақ бұл сомма 300 АЕК-тен аспауы керек.

2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңге болып бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу