Ұйым деректеріне сәйкес, 2026 жылдың наурызында Қазақстан аумағында ресми дилерлер 17 099 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлікті сатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 12,9%-ға төмен. Үш айдың қорытындысында 44 757 автокөлік сатылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5%-ға азайды.
– Жылдық көрсеткіште сатылымның аздап төмендеуіне қарамастан, нарық әлсіз ақпаннан кейін тұрақтану белгілерін көрсетуде. Мұндай динамика жағдайында автокөлік жеткізілімдерін түзету сөзсіз. Сонымен қатар, нарық ішінде үлестердің белсенді қайта бөлінуін байқап отырмыз: жекелеген брендтердің позициясы күшейіп келеді, бұл бәсекенің жоғары деңгейін және отандық өндірушілер өнімдеріне деген сенімді тағы да дәлелдейді. Нарық динамикасына неғұрлым объективті баға беруге және жылдық болжам жасауға дәстүрлі түрде тұтынушылық белсенділік жоғары болатын екінші тоқсан мүмкіндік береді, – деді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Сонымен, наурыз айында ең көп сатылған брендтер ТОП-10 рейтингінде бірінші орынды Hyundai (3 192) сақтап қалды. Екінші орында Kia (2 317) тұр. Үшінші орынды Chevrolet (2 142) алды. Көктемнің алғашқы айында саудасы қызған бренд – Changan. Дилерлер 1 766 автомобильдің кілтін тапсырған. Одан бөлек тізімге Chery (1 270), Haval (1 227), Jetour (850), Toyota (581), Jac (451) және Geely (428) енді.