Наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде

Қар шығару жұмыстары барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. 

Наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде Фото: baq.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты.

"Биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары. Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет", — деді Әлихан Смайылов.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдайдың қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп,  көшелерді су басып қалды.

"Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын", — деді Премьер-Министр.

"Қазгидрометтің" болжамынша, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде, бұған дайын болу керек, деп ескертті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы "Көктем-2023" республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен  инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.

"Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет", — деді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу