Ұлттық банк дерегінше, наурыздың қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,7 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 130 млн доллардан 164 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды.
"Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бір ай ішінде валюта нарығында энергия тасымалдау бағасының төмендеуі мен АҚШ-тағы және Еуроаймақтағы банк секторына қатысты алаңдаушылыққа байланысты нарық қатысушылары сентиментінің нашарлауы аясында құбылмалылық артты", – деп хабарлады бас банк.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 253 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады.