"Наурыз" бағдарламасы: Ең жас өтініш берген азамат Түркістан облысында тұрады

245

2 436 өтініш кері қайтарылды. 

"Наурыз" бағдарламасы: Ең жас өтініш берген азамат Түркістан облысында тұрады

"Наурыз" бағдарламасы іске қосылғаннан бері 17 432 қазақстандық өтінім берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Наурыз" ипотекалық бағдарламасының аралық нәтижесімен таныстырды.

"Наурыз" бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. 10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы – 3955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен. Бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Егер гендерлік бөліністе қарайтын болсақ, онда өтінімдердің арасында 57 пайызын қазақстандық әйелдер жолдаған. Бұл ретте барлық өтініш берушілердің 62 пайыз – 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас өтініш беруші Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны", - деді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова.

Республикалық маңызы бар Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен қатар баспана сатып алу үшін ең көп таңдалған бес өңір қатарына Ақтөбе мен Алматы облыстары кірген.

"Отбасы банк" АҚ Басқарушы директоры - Орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың сөзінше, 2 436 өтінім қабылданған жоқ.

"Негізгі себебі – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті соманың болмауында. Бұл – "Наурыз" бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады. Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізіліп жатыр, жүйе өтінімдерге ЭЦҚ арқылы үміткерлердің қол қоюын күтуде. "Наурыз" бағдарламасы бойынша 2878 өтінім қолмен тексерілді. Естеріңізде болса, көп азаматтардан алдында "Отау" бағдарламасына өтініштер түскен. Себебі олардың меншігінде көлік тұрағы, қойма, гараж, саяжай болып, сол кісілер өтінім бере алмаған. "Наурыз" бағдарламасы бойынша бұл жайт ескеріліп, ондай өтінімдерді қолмен тексеріп жатырмыз", - деп жалғастырды спикер.

Жансұлтан Матай баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті екенін де жеткізді. Спикер ұпайлар қалай есептелетінін де айтты.

"Салым бойынша сыйақы мөлшері – әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай; тіркелген некенің болуы – 5 ұпай; балалардың болуы – 10 ұпай (балалар санына қарамастан); халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесінің болуы – 10 ұпай; 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай. Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі", - деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарушы директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу