Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Қымбатты қазақстандықтар!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын!
Көктемгі күн мен түннің теңелуі – бүкіл қазақстандықтар асыға күтетін және ерекше атап өтетін айтулы мереке.
Халқымыздың ұлы мәдениеті, бай салт-дәстүрі көрініс тапқан Наурыз мейрамы Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін ұйыстырады.
Тәуелсіздік жылдары бұл мереке ел бірлігінің жарқын символына айналды. Ол татулық, тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің үйлесімді дамуының іргетасы әрі зор жеңістерінің кепілі екенін айғақтайды.
Біз Тәуелсіздіктің осы негізгі құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, әрі қарай нығайтуға тиіспіз. Қазақстандықтар бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына кәміл сенемін.
Осы шуақты мерекеде Отанымыз – Қазақстан Республикасына шын жүректен тыныштық пен бақ-береке тілеймін.
Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!