Наурыз мейрамында қызылордалық тұрғын қойды 100 рет көтерді

Қойдың салмағы – 60-62 келі. Сыр елінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланып жатыр. 

Наурыз мейрамында қызылордалық тұрғын қойды 100 рет көтерді Фото: inbusiness.kz

Аймақтың әр ауданы мен ауылдарында киіз үйлер тігіліп, тұрғындар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Наурыз – береке бастауы" атты мерекелік іс-шарада "Руханият ауылы", "Ұстаздар ауылы" , "Ардагерлер ауылы", "Ақындар ауылы" "Денсаулық ауылы", "Еңбекшілер ауылы", т.б. деп аталатын киіз үйлер тігілген. Киіз үйлерде жарапазан айтылды, қыз бен жігіт айтысып, қазанжаппай жабылды. 

Сондай-ақ, қолөнершілер фестивалі өтіп, театрландырылған қойылым қойылды. Қазақтың дәстүрлі "Сырға салу" рәсімі көрсетіліп, ата-әжелер ансамблі халық әндерін шырқады. 
Ұлттық спорт түрлері көпшіліктің делебесін қоздырды. Әсіресе, қой көтеру сайысына 50-ден аса білекті жігіт қатысып, күшін байқап көрді.

Қой көтеру сайысында Айғали Қалдыбек 60 келіден асатын қойды 102 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

"Мен күрес түрімен айналысамын. Бүгінгі қой көтеру жарысына небір мықтылар қатысты. Әрине, бұл жерде біріншіден, техника да рөл атқарады. Бағым жанып, жеңімпаз атандым. Жүлдеге қойды еншіледім", - дейді ол. 

Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, эстрада әншілері Жанболат пен Жазира, Айгүл Қосанова және Сыр өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу