Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді

472

20-22 наурыз күндері І KazAgro/KazFood Turkistan халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді.  

Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді Фото: gov.kz

Шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Венгрия бастаған жалпы 20-ға жуық мемлекеттен делегациялар келіп қатысады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұдан өзге еліміздің барлық өңірінен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, инвесторлары, тауар өндірушілері қатыспақ.

25 жылдан бері көрме ұйымдастырумен айналысып келе жатқан маман, "ExpoGroup" компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кең ауқымды көрмелер Астана және Алматы қалаларында ғана өткізілген. Енді үшінші болып Түркістан шаһарында ұйымдастырылмақ.

"Бірінші халықаралық "KazAgro/KazFood Turkistan" халықаралық көрме-жәрмеңкесін өткізуге Түркістан қаласын таңдауымыздың мәні бар. Біріншіден, Түркістанның тарихы тереңде, ол – Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда орталығы. Тарихи және туристік орындары көп. Екіншіден, Наурыз мерекесін ұйымдастыруға осы аймақта ауа райы өте қолайлы. Қазірдің өзінде алыс-жақын шет мемлекеттер осы көрмеге қызығушылық танытып отыр. Барлық облыстан да делегациялар келеді. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы бойынша шетел инвесторлары мен кәсіпкерлерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырылады. Қазақстанның үздік қолөнершілері керамикадан, жүннен, темірден және шыныдан бұйымдар жасау, кілем тоқу бойынша түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді. Ұлттық тағамдар мен киімдеріміз жұртшылық назарына ұсынылады. Ауыл шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, ветеринария, сауда, кәсіпкерлік салалары бойынша да түрлі келіссөздер жүргізіліп, ұсыныстар талқыланады. Шетелден және елімізден жүздеген өкілдердің келуі өңірде туризм саласын дамытуға да серпін бермеді. Себебі өңірдегі тарихи орындар туралы сұрап жатқан шетелдіктер бар", – дейді Шолпан Қожабаева.

Көрмеге әлемнің және көршілес елдердің танымал компаниялары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үздік өнімдерін, техникаларын әкеледі деп күтіліп отыр. Сусындар, шырындар, су, шай, кофе, тағамдық қоспалар, тамақ және сусын өндіруге арналған жабдықтар, тоңазытқыш, сауда және қойма жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары және олардың қосалқы бөлшектері жеткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу