Наурыз – жаңару мейрамы

306

Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1988 жылы наурыз қайта тойлана бастады. 

Наурыз – жаңару мейрамы Фото: inbusiness.kz

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт бұрын атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін тойлаған көрінеді. Сондықтан да бәз- біреулер айтып жүргендей, дінмен шатастыруға болмайды. Бұл ежелден жаңару мерекесі ретінде атап өтіледі. Араздасқан жандарды татуласуға, кешіруге шақыратын күн. Сондай-ақ, бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез-келген соғысты тоқтатқан. 18 ғасырда Орта Азия елдеріне тараған мереке қазақ елін де айналып өтпеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

“1920 жылы Т. Рысқұлов наурыз мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарды. Бірақ Кеңес одағы уақытында 1926 жылы тоталитарлық жүйе ұлттық құндылық негізі емес Кеңес одағының заңдарына сәйкес келмейді деп алып тастады. Барлық облыстарда жабылып қалғанда Маңғыстауда тойлау тарихта қалды үрдіс боп”,- дейді профессор, тарихшы Киікбай Жаулин.

Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1988 жылы наурыз қайта тойлана бастады. 1991 жылы ресми ұлттық мереке боп бекіп, 2009 жылдан үш күн бойы тойланып келді. Ал биыл наурыздың 14-і Көрісуден бастап 9 күн бойы дүбірлі думанға айналуда.

Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында мереке жоғары деңгейде атап өтілді. Өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, ұлттық киімдерін киген халық құшақ жая, қол алысып көрісті.

“Жаңа жылда жаңа табыстарға жете берейік! Аспанымыз ашық болсын, бәле-жала қашық болсын! Жұртымыз тыныш болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!”, - деп тілек айтты Мұнайлы ауданының тұрғыны Бағила Жанатқызы.

Мерекеде тұрғындар орталық алаңға ағаш егіп, баланың тұсауын кесті. Жастар жағы алтыбақан тепті. Киіз үйлерден көпшілік дәм татты.

“Бабаларымыздың арман боп қалған наурызды тойлау бүгінгі өскелең ұрпаққа бұйырып тұр екен. Қандай қуаныш! Еліміздің бірлігі, татулығы мықты болсын! Қазақтың туы көгімізде желбіреп тұра берсін!”,- деді аудан тұрғыны Жанбота Ізбасқан.

Мерекелік шара соңы ұлттық спорт ойындарымен жалғасты. Қол күресі, аударыспақ, гір тасын көтеру, қазақша күрес, арқан тарту, қой көтеру, асық ату сынды ойындар өтті. Ал, бүгін Ақтауда Каспий теңізінің жағасында үлкен думанды шара жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу