Кеш барысында Наурыз мейрамы кезінде бас қалада атқарылған жұмыстар мен оның қорытындысы көпшілік назарына ұсынылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Оған сәйкес 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Бұл онкүндік аясында төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірқатар іс-шаралар кешенін өткізді. Әр күннің мазмұны мен тақырыбына сай елордада түрлі акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, терең мән-мазмұнға ие болды.
"Наурызнама онкүндігі барысында елордада бірқатар жобалар өткізілді. Атап айтар болсақ, "Қазақша Quiz" интеллектуалды сайысы, "Тіл жанашыры" акциясы, қаланың орталық алаңдарында салт-дәстүрді насихаттауға байланысты елордалықтар ауқымды іс-шаралардың куәсі болып, мерекелік көңіл-күйді толық сезіне алды десек болады. Елорда әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шаралардың бірінде 100 мыңнан астам адам бас қосты. Бұл көрсеткіш – көпшіліктің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, бағалауының көрінісі", - деді өз сөзінде қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы "Руханият" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділ Орынбасарұлы.
Зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылардың қтысуымен өткен кеште сондай-ақ рухани құндылықтарымызды ұлықтап, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде елеулі еңбек етіп жүрген бір топ тіл жанашыры марапатталды. Солардың бірі – елордалық бапкер, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұхит Амантаев.
"Наурызнама онкүндігі дәстүрге берік болып, қазақы қалпымызды сақтап қалудың маңызын дәлелдеп берді. Әсіресе, өз тілімізде сөйлеп, ұлттық құндылықтардан ажырап қалмаудың мәні орасан. Себебі кез келген елдің жойылуы біріншіден, төл құндылықтардың жойылуымен байланысты. Ата-баба аманаты өскелең ұрпақтың ұлтжанды болуымен сақталады" деді спорт жаттықтырушысы.
Мерекелік кеш барысында көпшілік үшін театрландырылған қойылым көрсетіліп, "Шалқыма" би ансамблі өзөнерін паш етсе, ақын Мейірбек Сұлтанхан Наурыз туралы арнауын тарту етті. Кеш соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.