Ресейде жазаны өтеу жөніндегі федералды қызметтің аймақтық басқармасы оппозиционер Алексей Навальныйды сотталғандарға арналған облыстық ауруханаға ауыстырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта Алексей Навальныйдың денсаулығы қанағаттанарлық, оны күн сайын терапевтер тексеріп жатыр. Науқастың келісімімен оған витаминдік терапия тағайындалды", – деп жазылған ведомствоның ресми хабарламасында.
Колонияда жазасын өтеп жатқан Навальный 31 наурызда аштық жариялап, арқасы мен аяғы ауырғандықтан оған невропатологты шақыруды талап етіп келген еді. Дәрігерлер альянсының кәсіподағы саясаткердің бүйрек жеткіліксіздігіне шалдығу қаупі бар екенін және аштық жариялау салдарынан оның көру қабілетінің нашарлағанын жариялады.
Ақпан айында Навальный шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттарын бұзды деген айыппен 2,5 жылға түрмеге қамалған еді. Ол қаңтар айында Германиядан келген бойда қамауға алынды. Германияда оппозиционер химиялық затпен уланғаннан кейін оңалту курсынан өткен болатын.
Табиғат Нұрболат