"Назарбаев емеспін": Мақсат Толықбай басы дауға қалған інісіне қатысты пікір білдірді

572

Мен министрліктің бағдарламаны жапқан позициясын қолдаймын.

"Назарбаев емеспін": Мақсат Толықбай басы дауға қалған інісіне қатысты пікір білдірді Фото: kazbusiness.kz

Атышулы "Бірақ..." бағдарламасында жүргізуші болған Самат Толықбайдың ағасы, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай інісінің тележүргізушілік қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірнеше күн бұрын Хабар арнасындағы "Бірақ" бағдарламасы қоғамның сынына ұшырап, дау туындатқан еді. Кейінірек мәселе министрлікке дейін жетіп, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бағдарламаның жабылатынын мәлімдеді. Көпшілік бағдарлама жүргізушісі Самат Толықбайға да қатысты сыни пікір айтып жатты. Оның Қарасай аудандық мәслихат депутаты екені белгілі болды

Мәжіліс кулуарында тілшілердің бірі осы жағдайға қатысты Мақсат Толықбайдың пікірін білді. 

"Ол бірдеңе бүлдіріп қоятындай мектеп оқушысы емес – үш баланың әкесі. Өз іс-әрекетіне өзі жауап береді. Бұрынғы журналист ретінде пікірімді білгіңіз келсе, әрине, қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап барлығы дұрыс болған жоқ. Жүргізуші дайын сценарийді оқи салды деп айтуға да болмайды. Тәжірибесі аз шығар, бұл жерде редакторлардың да кінәсі бар. Мен министрліктің бағдарламаны жапқан позициясын қолдаймын. "Бірақ..." бағдарламасы болсын, "Қалаулым", "Қосылайық" сияқты бағдарламаларды мүлдем жабу керек. Осы үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір заң нормаларына өзгеріс енгізе алсақ, біз үшін үлкен жеңіс болады", - деді депутат.

Мәжіліс депутатының сөзінше, інісінің бағдарлама жүргізуіне ол ықпал етпеген. 

"Ол – мәслихат депутаты. Біздің партияның атынан түскен жоқ, сол жердегі жергілікті тұрғындар ұсынды. Ал мына жақтағы бағдарламаға кім шақырғанын білмеймін. Мен қазір біреуді бір қызметке қоя алатындай, туған-туыстарымды жұмысқа алатындай бұрынғы Назарбаев сияқты емеспін. Менің ондай құзыретім жоқ. Бар болса да қолданбас едім. Сондықтан әркім өз тірлігі үшін өзі жауап береді", - деп түсіндірді Мақсат Толықбай. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу