"Ашық НҚА" порталында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеуге арналған ҚР Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы" Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрық жобасы жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Гранттың мөлшерлері:
1) жатақханада тұруды есептемегенде, күнтізбелік жылға 2 349 191 (екі миллион үш жүз қырық тоғыз мың жүз тоқсан бір) теңге;
2) жатақханада тұруды есептегенде, күнтізбелік жылға 3 247 305 (үш миллион екі жүз қырық жеті мың үш жүз бес) теңгені құрайды", - делінген ұсынылып отырған бұйрық жобасында.
Ал қолданыстағы бұйрық жобасында жатақханада тұру ақысын есептемегендегі жылдық грант құны 2 150 208 теңге, жатақханада тұру бағасын қосқандағы жылдық грант құны 3 036 859 теңге болған.
Бұйрық жобасы 29 қаңтарға дейін қоғам талқылауында болады.