Назарбаев: Сендер мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар

807

Назарбаев: Сендер мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар

ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жас Отан" жастар қанатының  IV съезіне қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Құрметті жас отандықтар, съезд делегаттары! Сіздерді "Жас Отан" жастар қанатының төртінші съезінің ашылуымен құттықтаймын! "Жас Отан" – елін-жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын, мыңдаған білімді, белсенді жастардың басын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарлама жүзеге асырылды. Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін", — делінген құттықтау хатта. 

Назарбаев ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін әлемдегі қарқынды өзгерістерге дайын болып, заман көшінен қалмау керектігін айтты. 

"Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру" мақаламда мен 21 ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдарда қолға алуды қажет ететін міндеттерге ерекше назар аудардым. Солардың қатарында латын әліпбиіне көшу, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы, үштілді білім беру сияқты міндеттерді елдік мүдденің жаңа деңгейі деп атап өтер едім. "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүкіндіктері" атты биылғы жолдауымда жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдарын қарастырдым. Күні кешегі халыққа үндеуімде де өзімнің бес әлеуметтік бастамамды ұсынып, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне тоқталдым. Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім. Өйткені седер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып білуге, ең бастысы әрқайсыңды өз салаларыңда әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын", — деді елбасы. 

Айта кетсек, Астанада кеше "Жас Отан" жастар қанатының төртінші съезі басталды. Бүгін "ЭКСПО-2017" Конгресс орталығында "Жаңа әлемге жол саламыз" атты гала-форум өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден аса белсенді жасотандық қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу