Елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінде мемлекеттік аудиттен кейін бірқатар шара қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Нақты айтқанда, штат санын есептеудің жаңа нормативі және сатып алу бойынша өзгерістер енгізілді.
Мемлекеттік аудит НЗМ-да былтыр шілдеде жүргізілген тексеру аясында қаржы-шаруашылық және ұйымдастырушылық мәселелерге қатысты бірқатар заң бұзушылық пен кемшіліктер анықталды, бірақ бұл оқу процесіне қатысы жоқ.
Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмаларын орындау үшін НЗМ-де мынадай шаралар қабылданды:
– Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді бір көзден алу тәсілімен сатып алу қайта сатып алу өтпеді деп танылған жағдайда ғана (атап айтқанда, тендер арқылы) өткізілетін болады. НЗМ сатып алу шарттары мен олардың орындалуы жөніндегі құжаттарды сатып алудың ресми веб-порталына орналастыра бастайды. Бұл ретте тікелей шарт жасасу арқылы кітаптар мен көркем әдебиеттерді сатып алу тәсілі толығымен алып тасталды;
– Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетімен келісу бойынша НЗМ даму стратегиясын әзірлеу және оның орындалуын бақылау регламенті бекітілді. Бұрын бұл аспектіні мемлекеттік органдар қадағаламаған болатын;
– Ұлттық білім беру дерекқорын "НЗМ" ДБҰ бірыңғай ақпараттық-білім беру жүйесімен цифрлық интеграциялау жүргізілді;
– Зияткерлік мектептер қызметкерлерінің штат санын есептеу нормативі әзірленіп, бекітілді;
– Шетелдік педагогтердің лауазымдары "НЗМ" ДБҰ филиалдарының үлгілік штат кестесіне енгізіліп, олардың қызметін бағалау өлшемшарттары да бекітілді;
– НЗМ филиалдарына шетелдік мұғалімдерді тарту шығындарының есебі жаңартылды. Атап айтқанда, бір шетелдік педагогке тұрғын үйді жалға алу алаңының нормалары белгіленді, бөлме саны көрсетілуі тиіс;
– Филиалдар үшін күзет қызметтерінің нормалары бекеттердің саны мен олардың жұмыс істеу уақыты айқындала отырып бекітілді;
– НЗМ экожүйесіндегі ұйымдар үшін ақпараттық жүйелер мен сервистерді әзірлеуге және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау тәртібі қабылданды;
– НЗМ-ге ақылы негізде оқуға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді, атап айтқанда оқушыларды оқуға қабылдау алдында нақты өлшемшарттар белгілей отырып, олардың білімін бағалаудың міндетті рәсімі қосылды;
– Элективті курстарды аяқтаған оқушылардың нәтижелерін есепке алу журналы әзірленді;
– НЗМ мердігерлерінің бірі құрылыс-монтаждау жұмыстарының 8,5 млн теңге сомасында төленген артық құнын өтеді.