Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізгендер жазаға тартылмауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Себебі, депутаттар Қылмыстық кодекстен 373 және 374-ші баптарды алып тастауды қарастырып отыр. Дәл осы нормалар активтерді қайтару туралы заң жобасындағы ілеспе құжатта бар. Сондықтан заң қабылданған кезде, жазаның күші де жойылады. Бұған дейін Тұңғыш президентті көпшілік алдында қорлағаны және бейнесін бүлдіргені үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл және 5 жылға бостандығынан айыру қарастырылған.
"Қылмыстық кодексте ол баптардың қажеті жоқ. Себебі Елбасы деген мәртебе жойылды. Қылмыстық жауапкершілікті қолданудың керегі де жоқ, оны бұрын да қолданбаған. Енді, ондай баптар болмайды. Бүгінде заңнаманы Конституцияға сай келтіру керек. Біз осыны істеп жатырмыз", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева.
Естеріңізде болса, жыл басында Назарбаев "Елбасы" титулынан айырылды. Қазір тек экс-президент деген атаққа ие. Конституцияда "Қазақстан Республикасының бұрынғы президенттері" туралы тарау бар. Онда экс-басшылар ел басқарып отырған кездегі іс-әрекеттері үшін жауап бермейді. Тек мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда ғана жазаға тартылады,- деп көрсетілген. Назарбаев сол нормалар бойынша қорғалады.