"Назарбаевтың қарындасы иелік еткен": Депутат "Кенжехан" базары саудагерлерінің базынасын жеткізді

829

Жыл басынан бері елімізде 722 базар тіркелген. 

"Назарбаевтың қарындасы иелік еткен": Депутат "Кенжехан" базары саудагерлерінің базынасын жеткізді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ірі қалалардағы базарлар мен сауда орындарының қызметіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта "Кенжехан" базарының иесі Әнипа Әбішқызы Назарбаева болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. "Келісімшарт талап еткен жандарды "біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар" деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда мыңға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың дерегінше, 2022 жылдың 4 сәуірінде "Кенжехан" базарының 100% үлесі "Митра "консалтинг" ЖШС мен Е.М. Розенберг деген азаматқа өткен.

"Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге "контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар" деп талап қойған. Сонда ел бір орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек "келісім" қағазы тапсырылған. Келісімді сол базардағы нотариусте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Бұдан басқа, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шығыпты", - деп түсіндірді ол.

Мәжіліс депутаты ашынған саудагерлердің бірқатар талабы бар екенін баса айтты.

"Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінде ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды ғой енді. Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп, жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын дейді. "Кенжехан" базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін Қаржы министрлігі ұсынсын", - деп қосты ол.

Депутат елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеруді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу