Назгүл Естеусізова Қазақстанның алғашқы микроқаржы омбудсмені қызметіне сайланды

233

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Назгүл Естеусізова Қазақстанның алғашқы микроқаржы омбудсмені қызметіне сайланды Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Өкілдер кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша көпшілік дауыспен Назгүл Қарасқызы Естеусізова микроқаржы омбудсмені болып сайланды.

Назгүл Қарасқызы Естеусізова – жоғары экономикалық және заңгерлік білімі бар, заң ғылымдарының магистрі. Банк саласында жұмыс тәжірибесі бар. Микроқаржы омбудсмені болып сайланғанға дейін ол Қазақстанның Ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы қызметін атқарған.

Омбудсменге микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғауды және қарыз алушылар мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер арасындағы дауларды шешуге көмектесу міндеті жүктелген.

Микроқаржы омбудсмені институты Мемлекет басшысы 2024 жылдың 19 маусымында қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды іске асыру мақсатында құрылған.

Микроқаржы омбудсмені Өкілдер кеңесі ұсынған және агенттікпен келісілген кандидаттар арасынан үш жыл мерзімге сайланады.

Микроқаржы омбудсменінің шешімі микроқаржы ұйымы мен коллекторлық агенттіктерге міндетті болып табылады. Микроқаржы омбудсменінің қызметтері тегін.

Микроқаржы омбудсмені көмегіне жүгінбес бұрын қарыз алушы өзінің несие берушісіне хабарласуы керек. Ол соттың қарауына қабылданған немесе заңды күшіне енген сот актісін, сондай-ақ іс бойынша жаңа мән-жайлар анықталмаған қайтадан жіберілген өтініштерді қарамайды.

Микроқаржы омбудсмені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы толығырақ ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады.

2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанда 220 микроқаржы ұйымы, 215 несие серіктестігі, 199 коллекторлық агенттік және 497 ломбард жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу