Қазақстандық жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың қарындасы Назым Қызайбайға қолдау білдіріп жазба арнады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Он жылдан аса уақыт! Жанып тұрған кезі! Тыс қалған екі Олимпиада! Назымды дер кезінде бағаламадық! Қолда барда алтынның қадірін білмедік! Бәрібір алмас қылыш қап түбінде жатпайды екен", - деді ол.
Оның айтуынша, кезінде Назым Қызайбайдың аяғынан шалмақ болғандар көп болған. Алайда ол барлық кедергіден өтіп, көздеген мақсатына жетті.
"Аяғынан шалған, жолына тосқауыл қойған кедергілерге қарамастан Назым бәрібір Олимпиададағы өзіне тиесілі жүлдесін алды! Тағдырдың бермесін тартып алды десе де болады! Сенің спорттағы жолың барша қазақ қыздарына үлгі! Біз сенімен мақтанамыз Назым! Сен біз үшін Чемпионсың!
Олимпиаданың қола жүлдесі құтты болсын Қазақ елі!", - деп қорытындылады Сара Рахмонова.