NBA жұлдыздары Владимир Радманович пен Тадж МакУильямс-Франклин қазақстандық жас баскетболшыларға шеберлік сабақтарын өткізу үшін Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төрт жыл бұрын Еуропа және Азия елдерінде басталған баскетбол бағдарламасы қазақстандық өрендерге болашақта NBA паркеттерінде өнер көрсетуіне мүмкіндік береді. NBA вице-президенті Дэвид Уоттстың сөзіне қарағанда, Қазақстан жасөспірімдер лигасы NBA-дің Орталық Азиядағы алғашқы лигасы болады. Ол Астана мен Алматыда ашылады. Әрбір қаладан 30-дан команда жасақталды, оның 15-і - ұлдар, 15-і - қыздар командасы. Лига ойындары жыл соңына дейін өтеді, финалдық бәсекелер келер жылдың көктемінде Астанада ұйымдастырылады.
Владимир Радманович пен Тадж МакУильямс-Франклин - NBA-дің айтулы жұздырдары. Радманович карьерасын Сербияда 1997 жылы бастады. Кейіннен американың "Сиэтл" клубына ауысты. Одан кейін "Лос-Анджелес Лейкерс", "Голден Стэйт Уорриорз", "Атланта" және "Чикаго Буллз" командаларының құрамында өнер көрсетті.
Тадж МакУильямс-Франклин екі дүркін WNBA чемпионы атанған, алты рет WNBA All Star додасына қатысты, Испания Ұлттық лигасының чемпионы, Королева кубогының жеңімпазы, Ресей Ұлттық лигасының чемпионы, Польша, Еуролига чемпионы атанған. Атақты баскетболшы қазір 47 жаста. Үш бұрын ойыншы ретіндегі кәсіби мансабын аяқтаған ол қазірде Далластағы Dallas Wings клубы бас бапкерінің көмекшісі болып жүр.
"Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Алматының таулары жүрегіңді жаулап алады, Астананың зәулім үйлері тамаша салынған. Маған Қазақстан қатты ұнады. Қазақстандық балалардың баскетболдың биігіне шыққанын қалаймын", - дейді ол.
Еске сала кетейік, Американың ұлттық баскетбол қауымдастығы (NBA) Қазақстан Ұлттық баскетбол федерациясы және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігімен ынтымақтастықта Қазақстанда 2017-2018 жылғы Junior NBA жасөспірімдер баскетбол лигасын ашқан болатын.