Солтүстік Каспий жобасының операторы қызметкерлерді жұмыстан жаппай босатып жатыр. Бұл туралы "Мұнай-газ өнеркәсібі жұмысшыларының салалық кәсіподағы" ҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова айтты, деп хабарлайды КазТаг.
"Мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіподағы NCOC NV (North Caspian Operating Company) компаниясының қызметкерлері жаппай босатылып жатқаны белгілі болды. Жұмыс беруші тараптардың келісімі бойынша еңбек шартын бұзатындығы туралы ескерту тарата бастады. Жұмысшылар арасында дүрбелең басталды.
Бірнеше сұрақтарға жауап алу үшін компанияның басшысына шұғыл түрде хат дайындадық. Ең бастысы - қанша адам жұмыстан босатылады және қызметкерлер ненің негізінде босатылып жатқанын анықтау керек.
Сонымен қатар, жасасқан келісім аясында компания құрамында әкімшілік өкілдері, кәсіподақ пен жұмыс берушілер кіретін үшжақты комиссияға алдағы жұмыстан босату туралы хабардар етуі тиіс еді. Бұл орындалмады. Сондықтан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы аймақтық әкімдіктен шұғыл түрде үшжақты комиссияның отырысын өткізуді сұрады, онда компания өкілдері жұмыстан босату туралы түсініктеме беруін талап еттік", - деді Салтанат Рахимова.
Оның айтуынша, жұмысшылардың құқықтарын бұзу фактілері орын алып отыр, олар алдын ала хабарланбаған, өтемақы сомасы талқыланбаған.
"Бұл еңбек қатынастары туралы заңнаманы өрескел бұзу. Заң бойынша жұмыстан босату жоспары туралы жұмыс беруші бір ай бұрын жұмыспен қамту басқармасын ескертуі тиісті, бұл тармақ та еленбеген. Біз жауап күтеміз, егер жауап жоқ болса, біз сотқа барамыз", - деді кәсіподақ басшысы.