Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстанмен сауда логистикалық кешендерін салу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Тиісті келісімге қол да қойылды. Сіздің ойыңызша, алдағы 10 жылда осы кешен жұмыс істесе, Қазақстанда азық-түлік арзандай ма? Себебі, қазақстандықтардың табысының жартысынан көбі азық-түлік сатып алуға жұмсалады", - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Өз жауабында министр бұл жобаның 3-5 жылда іске асатынын және ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді.
"Сондықтан ішкі нарықты азық-түлікпен қамту алдағы жылдардың еншісінде. Біз барлық позиция бойынша импортқа тәуелді емеспіз, азық-түлік тұрғысынан айтып тұрмын. Ең басты тауарлар бойынша өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан барлық инфрақұрылым елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы азық-түлік түрін көбейту жоспарда тұр", - деді А. Шаққалиев.
Журналист "қазақстандықтар қашан табысының жартысынан көбінен азық-түлікке жұмсауды қояды?" деп сұрады.
"Сұраққа былай жауап берейін: "Көп шығыннан қорықпау керек, аз табыс табудан қорқу керек". Азық-түлік пен тұтыну тауарларына келсек, баға құбылады. Өзімізді қамтамасыз ететін жерде, тұрақты жеткізілім, бәсекелестіктің жоғары деңгейі бар жерде баға нарыққа сай болады. Сондықтан мұнда болжам жасаудың да қажеті жоқ", - деп жауап берді Сауда министрі.