Танымал кинопродюсер, актер Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің креативті индустрияны дамыту бағыты бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған болатын. Желі қолданушылары бұл жаңалықты қызу талқыға салып, түрлі пікір қалдырған. Енді актер әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен әзілкеш, продюсер шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып қызмет етпек.
“300 милиондық аудиториясы бар, ең ірі жастардың ойынында, Мәскеу қаласында қазақтың әзілін төрге шығарған команданың капитаны болдым (тек мықты мемлекеттердің ғана әзілі дамыған: АҚШ, Англия, Франция т.б). Телеарна саласында бағдарламамыз 9,3 рейтингімен рекордтық нәтиже көрсетті. Телеарна саласында қызмет атқаратындар бұл телевизия тарихындағы ең жоғарғы рейтингтердің бірі екенін айтып бере алады. Кино саласына келіп, маманы болмасам да, Голливудтың дәуірін тоқтаттым. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай, жұмыс істеуге болатынын көрсеттік. Бұл үрдіс жас режиссерлерге серпін беріп, жол ашып, соңғы кездері жылына 120-ға жуық отандық фильмдер түсіріліп жүр. Яғни, жыл сайын Голливудтқа кететін 100 млн долларға жуық ақша енді елімізде қалып жүр. Ол дегеніміз 4-5 жылда 500 млн доллар! Мұның барлығы креативтің арқасында. Осы креативті ойларымды пайдаланып еліме қызмет еткім келеді. Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларымды бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс”, – деп жазды әзіл әлемінің өкілі.
Сондай-ақ актер жаңа қызметін сынап, өзін түрлі “сайқымазақ”, “клоун” деп жатқандарға ренішін жеткізді.
“Байқағаным, кейбір журналистердің мақалаларында "Сайқымазақ", "Клоун" деген сияқты сөздер жүр. Мен – сайқымазақ емеспін, мен қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермитін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлердің бірімін! Мысалы, Қазақстан Республикасының ақпарат министрінің вице-министрі Кочетов Евгений деген азамат тағайындалғанда ешкім шулап, резонанс тудырмады. Мен де Кочетов Евгений сияқты еліме қызмет жасағым келеді. Неге мен өз елімде тіпті, айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?! Негізі негатив жазатындар көп емес. Айтқым келгені, елімізді дамытамыз десек, позитивті, текті қазақтардың белсендігі қажет. Әр жерде, әр салада, тіпті коммент жазуда да ұтылмайық", – деп жазды актер.