28 қаңтар күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, деп жазады inbusiness.kz
Былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға көп.
Бұдан басқа жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.
“Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр”, - делінген Премьер-Министрдің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын.
"Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді", - деп атап өтті ол.
Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.
"Инвестициялардың 60%-дан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын", — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан басқа Премьер-Министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.
Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды.
"Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады", - деді Үкімет басшысы.