"Немереңіз жол апатына ұшырады": ШҚО-да алаяқтар зейнеткерді алдамақ болған

349

Алаяқтар ақша берсе бұл мәселені шешуге болатындығын айтқан. 

"Немереңіз жол апатына ұшырады": ШҚО-да алаяқтар зейнеткерді алдамақ болған Фото: fingramota.kz

Шығыс Қазақстан облысында 74 жастағы қарт әйелге қоңырау шалып, алдаған.

Өскемен қаласында тұратын зейнеткердің ұялы телефонына қоңырау шалған белгісіз біреу немересінің жол апатына ұшырағанын, ақша берсе бұл мәселені шешуге болатындығын жеткізген.

Санасын уайым торлаған 74 жастағы тұрғын барлық жиған-терген ақшасын алып, сол адамды келісілген жерде күткен. Бірақ кенет сенімсіздік ұялап, эмоцияға берілмей, осы қоңырау туралы өзінің учаскелік полиция инспекторына хабарлауға шешім қабылдаған.

"Полиция аға лейтенанты Берік Мәусейітов егде жастағы әйелді алаяқтар алдап тұрғанын түсініп, оны ешбір жағдайда ақша бермеуге көндірген. Осылайша, зейнеткер құрбан болмай, ақшасы өзінде қалды", - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.

Осы ретте, полиция азаматтарды әрдайым қырағы және мұқият болуға, ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға ақшасын, жеке деректерін (аты-жөні, ЖСН, карта нөмірі, жеке куәлік нөмірі және т.б.) бермеуге және күмәнді қосымшаларды жүктемеуге шақырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу