Неміс автокөлік өнеркәсібінің көрсеткіштері төмендеп келеді

170

Германиялық автокөлік өндірушілерінің табысы азайып, пайдасы төмендеп, рентабельділігі күрт нашарлап барады, деп хабарлайды DW басылымы. 

Неміс автокөлік өнеркәсібінің көрсеткіштері төмендеп келеді Фото: canva

Бұл туралы Ernst & Young (EY) консалтингтік компаниясының зерттеуінде айтылған. Әсіресе Volkswagen, BMW және Mercedes үшін автомобиль өнеркәсібіндегі негізгі нарықтардың бірі саналатын Қытайдағы жағдай күрделі болып отыр.

EY мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Германияның автомобиль концерндері 284 млрд еуроға жуық табыс тапқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,9%-ға төмен. Ал әлемдегі 19 ірі автокөлік компаниясының жиынтық табысы 3,6%-ға өсіп, шамамен 1,048 трлн еуроға жеткен.

Осы кезеңде жапон автокөлік өндірушілерінің табысы 7,9%-ға, Еуропаның өзге елдеріндегі концерндердің көрсеткіші 9,8%-ға, америкалық компаниялардыкі 4,5%-ға, ал қытайлық өндірушілердікі 0,9%-ға артқан. Осылайша, негізгі автокөлік өндіруші елдер арасында табыс өсімі бойынша Германия соңғы орынға түсті.

Германиядағы үш ірі автоконцерннің алғашқы алты айдағы жиынтық пайдасы 13 млрд еуродан сәл асты. Бұл – 2017 жылдан бергі екінші ең төмен көрсеткіш. Бұдан нашар нәтиже тек COVID-19 пандемиясы өршіген 2020 жылы тіркелген.

EY сарапшысы Константин Галлдың айтуынша, салаға еңбек ақысының, энергия ресурстарының қымбаттауы және бюрократиялық шығындардың жоғары болуы салмақ түсіріп отыр. Соның салдарынан Германияда автокөлік өндіру барған сайын тиімсіз бола түсуде.

"Сондықтан неміс концерндері өндірісті неғұрлым қолайлы аймақтарға көшіру арқылы жағдайды түзетуге тырысып жатыр", – дейді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу