8 қаңтар күні, дүйсенбіде Неміс Шаруалар одағы (DBV) елде наразылық акцияларының апталығын бастады. Фермерлер үкімет жоспарлаған ауылшаруашылық субсидияларын қысқартуға қарсылық білдірді. Германияда барлығы 100-ден астам фермерлердің наразылық акцияларын өткізу жоспарланған. Бұл туралы inbusiness.kz сайты DW телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Германияның көптеген аймақтарында жол қозғалысына шектеу қойылады. Өйткені, фермерлер өздерінің демонстрациялары аясында тракторлармен жолдарды жауып тастамақшы.
Осыған байланысты, Неміс Шаруалар одағының басшысы Йоахим Руквид Германия тұрғындарын елдегі ықтимал қолайсыздықтарға байланысты түсіністік танытуға шақырды.
"Біз наразылығымызды бейбіт және демократиялық әдістермен ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ біз тракторлармен жүргенде, бұл сөзсіз жол қозғалысының бұзылуына әкеліп соқтырады", - деп түсіндірді ол Stern журналына берген сұхбатында.
Айта кету керек, неміс фермерлері желтоқсаннан бастап елде жаппай наразылық акцияларын ұйымдастырып келеді. Бюджет қаражатын үнемдеу аясында 2024 жылы фермерлер дизельдік жеңілдіктер мен салық жеңілдіктерінен айырылмақшы болды.
Германия Қаржы министрлігінің бағалауы бойынша, бұл шара бюджетке жыл сайын 480 миллион еуро үнемдеуге септігін тигізеді.