Енді Астанадан Римге және Миланға ұшақ қатынайтын болады

Сонымен қатар, "Алматы–Милан" бағыты бойынша рейстер санын арттыру жоспарланып отыр. 

Енді Астанадан Римге және Миланға ұшақ қатынайтын болады Фото: pixabay.com

Қазақстан Президенті Италияға ресми сапары аясында NEOS әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады. Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыға салынды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының пікірінше, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев "Алматы – Милан" әуе рейсіне сұраныстың жоғары екенін атап етті. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған болатын.

Өз кезегінде Лупо Раттацци аймақтағы әуе бағыттарының ауқымын кеңейту жөніндегі жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, "Алматы–Милан" бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ, Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Президент NEOS әуе компаниясымен ынтымақтастық Қазақстандағы азаматтық авиация мен көлік-логистика салаларын дамытуға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Айта кетейік, NEOS компаниясы 2001 жылы құрылған. Оның негізін италиялық Alpitour S.p.А. және германиялық TUI Group туристік компаниялары бірге қалады. Сонымен қоса, ол Италияның ең ірі жеке авиакомпанияларының бірі ретінде 70-тен астам бағытқа тасымал жасайды.

Сондай-ақ, 2022 жылы компанияның табысы 640 миллион долларды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу