Несие берешегін өндіру кезінде борышкердің шотында қалуы тиіс қаржы мөлшері артады

425

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты.

Несие берешегін өндіру кезінде борышкердің шотында қалуы тиіс қаржы мөлшері артады Фото: canva.com

Қарыз алушылардың мүддесін қорғау мақсатында 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз үйінен шығаруға тыйым салынбақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2021 жылғы желтоқсанда тұрғын үй түріндегі кепілдің сот шешімімен немесе соттан тыс сатылуы шеңберінде қарыз алушылардың құқықтарын құқықтық қорғауды күшейтуге ықпал еткен заңнамалық түзетулер қабылданды.  Атап айтқанда, кепілге қойылған мүлікті сатудың 3 айлық мерзімі енгізілді, тұрғын үйді төменгі құны бойынша сатуды болғызбау мақсатында кепілдің сату бағасының төменгі шегі кепілдің бастапқы бағалау құнының 50%-ынан 75%-ына дейін көтерілді, кепіл ұстаушының және онымен үлестес тұлғалардың сауда-саттыққа қатысуына тыйым салынды", - деді Үнзила Шапақ.

Сөзінше, заң жобасымен қарыз алушылардың мүдделерін қорғаудың қосымша шарасы ретінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу енгізіледі. Депутат бұл тыйымның қазір халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қатысты қолданылатынын жеткізді.

"Несие бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушыларды қорғау үшін заң жобасында қарыз алушының  банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне (86,8 мың теңге) дейін ұлғаяды", - деді Мәжіліс депутаты.

Еске салайық, осыған дейін Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу