Несие портфелі бойынша елдегі қай банктер жоғары көрсеткішке ие?

716

2023 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша отандық екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 24,1 трлн теңгеге жетті. 

Несие портфелі бойынша елдегі қай банктер жоғары көрсеткішке ие? Фото: Mail.KZ

Жылдық өсім 4,1 трлн теңгені құрады, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Оның 2,1 трлн теңгесін бір ғана қаржы институты – "Halyk Bank" қамтамасыз етті. Жылдық өсім бойынша көшбасшының портфелі – 8,1 трлн теңге. Бұл республикадағы барлық несие нарығының 33,5%-ын қамтиды. Портфель сапасы жөнінен "Halyk Bank" сектордағы үздіктердің бірі. Мерзімі өткен берешектер (NPL 90+) үлесі қаржы институтындағы барлық несие көлемінің 1,9%-ын ғана құрайды.

Банк халыққа да, бизнеске де, соның ішінде онлайн режимде де несие береді. Global Finance нұсқасы бойынша "Halyk Bank" Қазақстандағы шағын және орта бизнес үшін үздік банк деп танылды.

Жылдық өсім бойынша "Банк ЦентрКредит" екінші орында (+903,4 млрд теңге, 2,1 трлн теңгеге дейін). Елдің қарыз нарығындағы банк үлесі 8,8%-ға жетті. Банктің қарыз портфеліндегі NPL 90+ үлесі 2,8%-ды құрады.

Портфель өсімі бойынша үздік үштікте "Kaspi Bank" бар: +859,5 млрд теңге, 3,4 трлн теңгеге дейін. Бұл еліміздегі қарыз нарығының 14,1%-ы. Биылғы қаңтар айының қорытындысына сәйкес, қаржы институтындағы NPL 90+ үлесі 5,2%-ды құрады.

Одан кейінгі орында "Отбасы банк" орналасқан. Бұл елдегі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне, оның аясында ипотекалық несиелеуге маманданған жалғыз қаржы ұйымы. Сондай-ақ, банк тұрғын үй саласындағы негізгі отандық мемлекеттік бағдарламалардың операторы. Бір жыл ішінде қаржы институтының портфеліне 805,1 млрд теңге қосылып, осылайша ол 3 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша қаржы ұйымы "Halyk Bank" және "Kaspi Bank"-пен қатар елдегі үздік үштікке кіреді. Бұл елдегі несие нарығының 12,5%-ы. Банк портфеліндегі NPL 90+ үлесі 0,1%-дан төмен.

Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің үздік ондығы бойынша жылдық динамикада 9 қаржы институты, ал жалпы сектор бойынша 21 банктің 15-і оң мәнге ие.

ЕДБ жиынтық портфелінде NPL 90+ үлесі былтырғыдай 3,4%-ды құрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу