Несиелерін кешіруді талап еткен 100-ден аса адам Қаржы реттеушісі ғимараты алдына жиналды

816

Олар желіде тараған жалған ақпаратқа сеніп, жиналған. 

Несиелерін кешіруді талап еткен 100-ден аса адам Қаржы реттеушісі ғимараты алдына жиналды Фото: azattyq-ruhy.kz

Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің алдына 100-ден аса адам жиналды. Олар елімізде несие амнистиясы жүргізіледі деген жалған ақпаратқа сеніп қалған, деп жазды inbusiness.kz Интерфакс-Қазақстанға сілтеме жасап. 

Несиенің кешірілетіні туралы ақпарат азаматтардың мессенджеріне келген.

Жиналғандар несиелерін кешіруді талап ететін өтініштерді толтырып, арнайы жәшікке салуда. Оқиға орнында қоғамдық тәртіпті полицейлер бақылауда. 

Ведомствоның хабарлауынша, халық елімізде тіркелмеген "Қазақстан демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамай таратқан кредиттік амнистияға қатысты шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сеніп қалған. 

"Мамайдың бұл мәлімдемелері жалған. Ол өзінің жеке саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін азаматтарды адастыруда", – деп хабарлады агенттік.

Ведомствода қазіргі уақытта Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығындағы теңгеде ипотекалық несие алған халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі валюталық ипотекалық несие алушыларға көмектесу үшін қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасып жатқанын еске салды. 

"Сондықтан несиелік амнистияны өткізу заңнамада қарастырылмаған, Агенттіктің халықтың несиелер бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдауға өкілеттігі жоқ", – деп толықтырды ведомство. 

Бұған дейін Ұлттық банк Қазақстанда несиелік амнистия жарияланғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.

"Кредиттік амнистия жасалады деген сарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады", – деп көрсетілген ресми хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу