Несиелерін мемлекетке қайтармаған кәсіпкерлер жазалануы мүмкін

908

Президент оларға қатысты қылмыстық іс ашу керек деп есептейді.

Несиелерін мемлекетке қайтармаған кәсіпкерлер жазалануы мүмкін

Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлер алған несиелерін қандай жолмен болмасын мемлекетке қайтаруы керек екенін мәлімдеді. Жауапкершіліктен қашып жүргендерге қылмыстық іс ашу қажеттігін де баса айтты.

"Несиені қайтармай жүрген кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек. Берілген қаржы қандай жолмен болмасын мемлекетке қайтарылуы керек. Кезінде осыған байланысты бөлек бір қадағалушы комитет ашуды ұсынған едім. Өзім реттеймін дедің. Қазір әрбір акционер өз банкінен ақша ұрлап отыр. Ал кейін біз олардың соңынан жүруіміз керек. Бұған дейін қайда болдық? Демек, жұмыс нашар", – деді президент Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышевке қарата айтқан сөзінде.

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылда экономикадағы банктердің кредиті 5,5 трлн теңгеге өскен. Сондай-ақ осы аралықта 7 банк таратылған. Екі банкті сауықтыруға шамамен 5 трлн теңге бөлінген.

"Осы уақыт аралығында мемлекеттен қарыз алғандар қаржыны кері қайтарған жоқ. Кредиттер уақыт өте келе проблемалық, қызмет көрсетілмейтін несиелерге айналып шыға келді", – дейді Данияр Ақышев.  

Банк төрағасының сөзінше, несие алған кәсіпорындардың дені қазір де жұмыс істеп тұр. Әсіресе, шағын бизнес саласында көп.

"Бірақ көбі қаржыны өтейтін жағдайда емес. Себебі, өзіндік капиталдары жоқ. Сондықтан оларға жаңа кредиттер керек", – дейді Ұлттық банктің төрағасы.

"Демек, өзіміз дұрыс қадағаламадық. Тоқыраған компанияларға қаржы бермеу керек еді. Олар ақшаны құмға сіңген судай етті. Мұны Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, үкімет бақылаған жоқ. Кредитті кім көрінгенге үлестірдік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу